Бекітілді:
2020 ж. «18» мамырдағы
«Алматы Төрелігі» ЖШС
Бас Директоры
Зейiлбек С.Р.
Бұйрығымен
__________________
М.О.
Төрелік алымдар мен шығыстар туралы
Ереже
Осы Ереже Алматы Төрелігі Регламентінің ажырамас бөлігі болып табылады және төрелік және өзге де алымдардың, қосымша шығыстардың мөлшерін, есептеу қағидаларын, төлеу тәртібі мен мерзімдерін, талап қою бағасын айқындау, сондай–ақ Алматы Төрелігінде (бұдан әрі мәтін бойынша – Төрелік) дауды шешуге байланысты шығыстарды бөлу тәртібін айқындайды.
- Төрелік алым – дауды Төрелікте қарау бойынша қызметтер көрсеткені үшін төленетін алым. Төрелік алымның мөлшері талап қою сомасының пайыздық қатынасында көрсетіледі және қолданыстағы заңнамада көзделген барлық салықтар мен міндетті төлемдерді қамтиды.
- Төрелік алым теңгемен төленеді және қайтаруға жатпайды.
- Төрелік алым мынадай түрлі тәсілдермен төленеді:
а) Талап қою сомасының 2,5%-нан және төмен дейінгі мөлшерде талап қою арызын берген кезде;
ә) Төрелік шешім шығарылғаннан кейін, төрелік шешімді орындау барысында талап қою сомасының 5% мөлшерінде;
б) Төрелік сомасын талапкер талап арыз берген кезде төлеуі тиіс.
Талап қою арызын беру кезінде төрелік алым төленген жағдайда талап қою арызына төрелік алымның төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
Шешімді орындау барысында төрелік алымды төлеу кезінде, төленуге жататын төрелік алымның сомасы қанағаттандырылған талаптарға барабар өндіріп алынады, бұл ретте тараптар төрелік алымды төлеу туралы жазбаша міндеттеме жібереді.
Шешімді орындау барысында төрелік алымды төлеу кезінде, төленуге жататын төрелік алымның сомасы бірінші кезекте өндіріп алынады және оның пайдасына шешім қабылданған тарап бірінші түскен сомадан төрелік алымның сомасын сома түскен сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде аударады.
- Егер тараптар дауды қарауды сот құрамы ұсынылған материалдар негізінде тараптардың отырысқа қатысуынсыз жүзеге асырады деп уағдаласса, онда төрелік алым сомасы 10 (он) пайызға төмендетілуі мүмкін.
- Істің күрделілігін, уақытша шығындарды және төрелік талқылауға байланысты шығыстарды ескере отырып, Төрелік шешім шығарғанға дейін Алматы Төрелігінің Төрағасы төрелік алымның мөлшерін ұлғайту туралы ұйғарым шығаруға не тараптың ауызша немесе жазбаша өтінішхаты бойынша төрелік алымның мөлшерін азайтуға құқылы.
- Істі қараудың объективтілігі мақсатында, Алматы Төрелігі Төрағасының төрелік шешім орындалғанға дейін төрелік алымды төлеудің мерзімін ұзартуға, бірақ талап арыз берілген сәттен бастап 90 (тоқсан) күннен ұзақ емес, және төрелік алымның мөлшерін азайтуға құқығы бар.
- Алматы Төрелігі Төрағасының тараптардың материалдық жағдайын және өзге де факторларды ескере отырып, төрелік алым сомасын азайтуға құқығы бар.
- Талап қою талаптарының мөлшері ұлғайған жағдайда талапкер талап қоюдың ұлғайтылған бағасына сәйкес төрелік алымның жетіспейтін сомасын төлейді. Төрелік алымның жетіспейтін сомасы төленбеген кезде, Алматы Төрелігі талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайту туралы өтінішті қараусыз қалдырады. Талап қою талаптарының мөлшері азайған кезде, төрелік алымның сомасы қайта қарауға жатпайды.
- Егер тараптар дауды үш және одан да көп төрешіден тұратын төреліктің құрамы қарайтынына уағдаласқан жағдайда, төрелік алым бір төрешіден асатын төрешілер санына көбейтілген төрелік алым сомасының 50 (елу) пайызы есебінен есептелетін сомаға ұлғайтылады.
- Егер тараптар дауды қарау барысында төрелік (сот) отырысының хаттамасы жүргізілетіні туралы уағдаласқан жағдайда, төрелік алым төрелік отырыс хатшысы жұмысының әрбір сағаты үшін төрелік алым сомасының 5 (бес) пайызы есебінен есептелетін сомаға ұлғайтылады.
- Қарсы талапқа және сынаққа қойылған талапқа негізгі талап бойынша төрелік алымның мөлшері мен төлеу тәртібі туралы ереже қолданылады. Қарсы талап бойынша және/немесе сынаққа қойылған талап бойынша төрелік алым сомасы төленбеген кезде, төрелік құрамы қарсы талап қоюды және/немесе сынаққа қойылған талапты қозғалыссыз қалдырады.
- Талаптың бағасы келесідей анықталады:
ақша қаражатын өндіріп алу туралы талаптарда – талап етілетін (даулы) соманы негізге ала отырып;
мүлікті талап ету туралы талаптарда – талап ету сәтінде мүліктің орналасқан жерінде қалыптасқан нарықтық бағалар бойынша айқындалатын талап етілетін (дауланатын) мүліктің құнын негізге ала отырып;
мәмілені жарамсыз (жасалмаған) деп тану туралы, сондай–ақ мәмілелерді жасасу, өзгерту немесе бұзу кезінде туындайтын даулар туралы талаптарда – мәміле сомасына қарай отырып;
басқа талаптарда – талапкердің мүліктік мүдделері туралы қолда бар деректерге сүйене отырып, 2,5%.
- Талап қою бағасына сондай-ақ талап қою арызында көрсетілген және талап етілетін (дауланатын) пайыздардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) және өзге де қаржылық санкциялардың сомалары енгізіледі.
- Бірнеше тәуелсіз талаптардан тұратын талап-арызда әр талаптың сомасы жеке анықталады, ал талап-арыздың бағасы барлық талаптардың сомасымен анықталады.
- Егер талап арызда талап қоюдың бағасы дұрыс анықталмаса, онда төрелік алымның мөлшерін Алматы Төрелігінің Төрағасы айқындайды.
- Егер талап қою бағасын айқындау мүмкін болмаса, Алматы Төрелігінің Төрағасы төрелік талқылауға байланысты ықтимал шығындарды алдын ала бағалауды ескере отырып, талап қою бағасын айқындайды.
- Егер талапкер төрелік алымды талап арыз беру кезінде төлеуді таңдаса, талапкер төрелік алымды талап арыз берілгенге дейін төлеуге тиіс.
Төрелік алымның төленгенін растайтын төлем құжаттары талап арызға қоса беріледі.
- Ерекше жағдайларда, Алматы Төрелігінің Төрағасы тараптың өтінішхаты бойынша оның мүліктік жағдайын негізге ала отырып, төрелік алымды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсына алады. Бұл жағдайда тарап Алматы Төрелігінің Төрағасы айқындаған мерзімде төрелік алымды толық көлемде төлеуге тиіс.
- Төрелік алым қайтарылмайды. Егер дауды қарауға дайындық барысында төрелік қолданыстағы заңнамада көзделген мән-жайлар бойынша дауды қарай алмайтыны анықталса және талап арыз талапкерге қайтарылуға тиіс болса, төрелік талапкерден төрелік алым сомасын толық көлемде өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады.
- Төрешілерге алымдарды төлеу төрелік алым ретінде алынған қаражат есебінен және «Алматы Төрелігі» ЖШС Бас Директорының шешімі (бұйрығы) бойынша жүргізіледі.
- Тараптар мен төрешілер арасындағы төлем туралы кез келген келісімдерге жол берілмейді.
- Төрелік талқылау орны ретінде айқындалған елді мекеннен тыс жерде тұратын төрешінің қатысуымен байланысты қосымша шығыстар Алматы Төрелігінің шығыстарынан тұрады:
- төрешінің төрелік талқылау орнына баруына және кері қайтуына жолда ең аз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін көлік;
- төрелік талқылау орнында болу уақытына төрешінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру;
- әрбір нақты төрешінің Райдерына сәйкес тұру және күнделікті шығындары;
- дауды сол жерде қарауды ұйымдастыру шығындары ;
- төрелік отырыс әкімшісінің төрелік талқылау орнына баруына және кері қайтуына жолда ең аз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін көлік;
- төрелік талқылау орнында болу уақытына әкімшінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру;
- қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұру және күнделікті шығындары;
22-1. Егер тараптар сот отырысының хаттамасын жүргізу туралы уағдаласса, төлеуге жататын шығыстар:
- сот отырысы хатшысының төрелік талқылау орнына баруына және кері қайтуына жолда ең аз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін көлік;
- төрелік талқылау орнында болу уақытына төрелік отырыс хатшысының өмірі мен денсаулығын сақтандыру;
- қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұру және күнделікті шығыстары.
- Төрелік талқылау орны ретінде айқындалған елді мекеннен тыс жерде тұратын төрешінің қатысуымен байланысты қосымша шығыстарды төлеу Алматы Төрелігіне аванстық төлемдер түрінде жүзеге асырылады. Қандай да бір тарап аванстық төлемді төлемеген кезде төрелік (сот) отырысы шығыстарды төлеу сәтіне дейін кейінге қалдырылады.
- Тараптар төрелік талқылауды төрелік орналасқан жерде өткізбеу туралы уағдаласқан не төрелік белгілегеннен өзге отырыс орнын айқындаған жағдайда туындайтын қосымша шығыстар тараптардың төрелік талқылаудың немесе сот отырысының өзге орнын таңдауына байланысты төреліктің барлық әкімшілік шығыстарын қамтиды.
- Тараптардың төрелік талқылаудың немесе сот отырысының орнын Алматы Төрелігінің белгілегеннен басқа таңдауына байланысты қосымша шығыстарды төлеу тараптардың Төрелікке тең үлестермен аванстық төлемдері түрінде жүзеге асырылады. Қандай да бір тарап аванстық төлемді төлемеген кезде, басқа тарап қосымша шығыстарды төлеуді жүзеге асыруды өзіне алған жағдайды қоспағанда, төрелік талқылау Алматы Төрелігі айқындаған орынға көшіріледі.
- Істі қарауға байланысты туындайтын аванстар түріндегі қосымша шығыстардың мөлшері мен төлеу тәртібі Алматы Төрелігінің ұйғарымында көрсетіледі.
- Басқа қосымша шығындар – келесі жағдайларда туындауы мүмкін шығындар:
- жазбаша және заттай дәлелдемелерді олардың орналасқан жері бойынша тексеруге және зерттеуге байланысты іс-әрекеттер;
- сараптама жүргізу;
- сот отырыстарына қатысуға байланысты куәлардың, аудармашылардың, сарапшылардың шығыстары;
- құжаттарды аудару және аудармашыларға сыйақы төлеу;
- Төрағалық етуші төреші айқындайтын өзге де қосымша шығыстар.
- Қосымша шығыстарды талап ететін іс жүргізу әрекетін жүргізу қажеттігі туралы мәлімдеген төрелік талқылаудың әрбір тарабы ол жасалғанға дейін дербес төлейді, өйтпегенде іс жүргізу әрекетін жүргізу туралы мәлімделген өтінішхат қанағаттандырусыз қалады. Барлық басқа жағдайларда тараптар туындаған қосымша шығыстарды тең үлестермен төлейді. Егер қосымша шығыстарды төлеуді тараптар тең үлестермен жүргізуі тиіс болса және тараптардың бірі авансты белгіленген мерзімде төлемеген болса, онда төлем екінші тарапқа жүктеледі.
- Істі қарауға байланысты туындайтын аванстар түріндегі қосымша шығыстардың мөлшері мен төлеу тәртібі Төреліктің ұйғарымында көрсетіледі.
- Тараптардың шығындары – бұл тараптардың Төрелікте дауды қарау кезінде өз мүдделерін қорғауға байланысты көтеретін шығыстары, оның ішінде тараптардың іссапар шығыстары, өкілдердің алымдары және т. б.
- Тараптардың кез келгені төрелік талқылау барысында екінші тараптың өзі шеккен қосымша шығыстары мен шығындарын өтеу туралы, сондай-ақ талапкер жауапкердің төрелік алым сомасын өтеуі туралы мәлімдеуге құқылы.